Accessibility links

Министрдің қызы, депутаттың әпкесі. Астанадағы базардың ескі де жаңа иелері


Министрдің қызы, депутаттың әпкесі. Астанадағы базардың ескі де жаңа иелері
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:00 0:00

Видео: Астанадағы "Шапағат" базарының ескі де жаңа қожайындары

Өткен айда Астанадағы орталық "Шапағат" базары өртеніп, жұрт назарын аударды. Shishkin_like арнасы базар күмәнді жолмен – бағасы арзандатылып, мемлекеттен жекеге өткенін жазды. Содан кейін мемлекет балансына қайтарылған. Оның құрылтайшыларының бірі экс-депутат Бекболат Тілеуханның әпкесі, екіншісі – бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қызы. Қызық тұсы – сол құрылтайшылар базарды қазір қайта иеленіп отыр. Сот та, басқа органдар да мұның себебін түсіндірген жоқ.

8 мамырда Астанадағы "Шапағат" коммуналдық базары өртенді. От екінші қабаттағы 400 шаршы метр аумақты алып, кемі 45 сауда нүктесі жойылған. Бұл қабат қазір жөндеуге жабылған. Өрттің неден шыққаны беймәлім. Саудагерлердің қанша шығынға ұшырағаны да белгісіз.

Астанадағы "Шапағат" базарындағы өртті сөндіруге барған арнайы қызмет өкілдері мен көліктері. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған фото. 8 мамыр, 2025 жыл.
Астанадағы "Шапағат" базарындағы өртті сөндіруге барған арнайы қызмет өкілдері мен көліктері. Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі жариялаған фото. 8 мамыр, 2025 жыл.

"Шапағат" базарында бұған дейін де өрт шыққан оқиғалар болған. 2024 жылы асханасы өртенген. 2021 жылы шатыры мен сыртқы жабыны отқа оранды. Іште ештеңе бүлінбеген, ешкім зардап шекпеген.

Төтенше оқиға болған тұста жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары базар иелері мен оның жекеге сатылған кездегі даулы жағдайларға мән берді. Shishkin_like Telegram-арнасы бір кезде мемлекет базар арзанға сатылып кеткен деп қайтарып алған еді, енді қайтадан жекеге, дәл сол компанияның өзіне бере салған деп жазды.

Мақалада мәжілістің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан мен бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының аты-жөні де аталды. Мемлекет қайтарып алған базардың тағы да жекеге және бәз-баяғы адамдарға өткені рас па? Бұрынғы министр мен депутаттың қандай қатысы бар? Азаттық мәселенің жай-жапсарына үңілгіп көрген еді.

Коммуналдық базар жеке меншікке қалай өтті?

"Шапағат" – Астананың оң жағалауында, қаланың шеткері ауданында орналасқан азық-түлік базары. "Коммуналдық базар" деген аты бар кешеннен халық көтерме бағамен сауда жасайды.

"Шапағат" коммуналдық базарының сыртқы көрінісі. Астана, 18 ақпан, 2014 жыл (Азаттық архивіндегі фото)
"Шапағат" коммуналдық базарының сыртқы көрінісі. Астана, 18 ақпан, 2014 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

"Шапағат" – Астананың оң жағалауында, қаланың шеткері ауданында орналасқан азық-түлік базары. "Коммуналдық базар" деген аты бар кешеннен халық көтерме бағамен сауда жасайды.

"Шапағат" әуелі мемлекеттің, нақты айтқанда, Астана қаласының әкімдігі, кейін оған бағынышты Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қарамағында болған. Базар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның балансында тұрғанда, 2019 жылы "Көркем 2005" деген компанияға сатылды.

Әкімдікке қарасты мекеме жеке кәсіпкерге базарды 1 млрд 335 млн теңгеге сатқан. Бірақ, заңгер Дидар Смағұлов бұл нысанның негізгі құны бұдан әлдеқайда жоғары – 1,5 млрд теңге болуы керек еді деп жазды. Яғни, әкімдік базарды 175 млн теңгеге түсіріп берген.

"Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация бағалау қағазында сауда орнының ауданын 4795 шаршы метр деп көрсеткен, бірақ оны мемлекет иелігінен шығарарда ауданы 5207 шаршы метр болып кеткен. Корпорация 412 шаршы метрді немесе 76 млн теңгені "кездейсоқ" есептемей қалыпты. Сосын корпорация, Жер кодексінің 52-бабының 1-тармағына сай, 92 сотық учаскенің бағасын қосуды "ұмытып" кеткен сияқты. Өздерінің есебінде оның бағасы 176,5 млн теңге делінген. Сонда корпорация экс-министр үшін "Шапағат" коммуналдық базарының құнын, шамамен 250 млн теңгеден астам сомаға төмендеткен", – деп жазды заңгер Дидар Смағұлов.

"Шапағат" коммундалдық базарында құс өнімдерін сатып алып тұрған адам. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 15 ақпан, 2021 жыл.
"Шапағат" коммундалдық базарында құс өнімдерін сатып алып тұрған адам. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 15 ақпан, 2021 жыл.

Қазақстанның электрон үкіметі порталында 2019 жылы бұл кәсіпорынға Бекзат Бекішев пен Бәтима Тілеуханова деген адамдар қожайын болғаны көрсетілген. Бір жылдан кейін олардың қатарына Айжан Мұхамеди деген адам қосылған.

Shishkin_like Telegram-арнасы Бекзат Бекішов – Астана мәслихатының бұрынғы депутаты Есенжол Бекішевтің ұлы, Бәтима Тілеуханова – парламент мәжілісінің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеуханның әпкесі, ал Айжан Мұхамеди – мәдениет министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлының қызы деп жазды

Базар туралы сот шешімдері

Бірақ 2022 жылдың қыркүйегінде "Шапағат" базары әкімдікке қайтарылды. Астанадағы экономикалық сот жеке кәсіпкерлердің иелік ету құқығын жойды. Базар қандай негізде қайтарылып алынды деген Азаттық сұрағына әкімдік жауап берген жоқ. Смағұловтың ақпараты бойынша, оған сауда орнының өз құнынан төмен сатылғаны себеп болған. Заңгер базарды жекеге өткізу кезінде "жалған бәсеке" схемасы да қолданылған деп есептейді.

"Сауда-саттық конкурсына "Фирма Бекзат" деген екінші компания қатысты, ол жеңімпазға бәсекелес болған-мыс. Арада бір ай өткенде "Фирма Бекзаттың" құрылтайшысы әрі директоры Бекішев жеңімпаз "Көркем-2005" компаниясына да құрылтайшы болып кетті. Бұл сонда екеуінің серіктес екенін көрсетпей ме?" – деп жазды заңгер Дидар Смағұлов.

Расымен, egov.kz дерегіне сай, конкурсқа қатысқан "Бекзат фирмасының" иесі Бекзат Бекішев 2019 жылы жеңімпаз "Көркем-2005" компаниясына құрылтайшы болып қосылған. Бірақ, әділдік үшін айта кетейік, конкурс өткен сәтте екі компанияның құрылтайшылары ортақ болмаған. Дидар Смағұлов олардың бір айда біріге салуы күмәнді деп отыр.

Бірақ биліктегі ықпалды адамдарға қатысы бар "Көркем-2005" компаниясы базарды мемлекетке қайтаруға келісе салған жоқ. Сотқа жүгінді. Ақыры жеңіп шықты. Астана соты 2024 жылы сәуірде оларға базарды қайтару туралы қаулы шығарды. Сот шешімінде базардың жеке қожайындарының иелік ету құқығы қалпына келтірілуге тиіс деп жазылған. Мұндай шешім шығарылғаны электрон үкімет порталында да көрсетілген.

Алайда базар не себепті сол жеке компанияға қайтарылғаны белгісіз. Сот алдыңғы шешімді өзгертуге не себеп болғанын түсіндірмеген. Азаттық оның себебін білу үшін Қазақстан Бас прокуратурасы мен Астана әкімдігіне сауалхат жолдады. Бір айдан асса да, Бас прокуратурадан жауап келген жоқ. Ал Астана әкімдігіне қарасты әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бұл сұрақты елеусіз қалдырған. Осылайша арзанға сатылып кетті деп әкімдікке қайтарылғаны айтылған базардың қайтадан сол компанияға қалай өткені, қандай шартпен берілгені беймәлім қалып отыр.

Бұрынғы министр мен бұрынғы депутаттың туыстары

Арыстанбек Мұхамедиұлы отбасының бизнестері барын растаған. Ол "Шапағат" базарының біраз үлесін 2020 жылы "сауда үйінің иелерімен жақындықтың белгісі ретінде" алдық деген және ол кезде өзі министр қызметінен кетіп қалғанын айтады.

Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта сөйлеп тұр. Астана, 16 маусым, 2023 жыл
Бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта сөйлеп тұр. Астана, 16 маусым, 2023 жыл

"Айжан Мұхамеди – тұңғыш қызым, сондай ұсыныс болған соң, жақын араласып жүрген азаматтар болған соң, біз оны бизнес түрінде емес, бір-бірімізге қарым-қатынасымыз, бір-бірімізге жақын болсын деген ырыммен алынған дүние ғой. 45 пайызын сатып алды. Оның бәрін біз 2020 жылы алдық", – деді бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Мұхамедиұлы 2014-2019 жылдары министр болған. 2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді. Былтыр ақпанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхамедиұлын "аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін" кінәлі деп танып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосып, түпкілікті 11 жылға бостандығынан айырған.

Парламенттің бұрынғы депутаты Бекболат Тілеухан да "Шапағат" базарының құрылтайшысы деп көрсетілген Бәтима Тілеуханова өзінің әпкесі екенін сұхбаттарында растаған. Бәтима Тілеуханова 9 компанияға құрылтайшы ретінде тіркелген. 75 жастағы әйел Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесімен де серіктес. Нақты айтқанда, Астанадағы 13 қабатты "Нұрлы орда" бизнес орталығына иелік етеді. Компания 2020 жылдан бері 226,5 млн теңге салық төлеген. Мемлекеттен 1 млрд теңге тендер алған.

Бәтима Тілеуханованың балалары да Қазақстандағы құрылыс және ғимараттарды жалға беру саласында ең табысты кәсіпкерлердің бірі.

Тілеуханованың ұлы Саламат Ахметов 2022 жылға дейін Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әулетімен құда болған олиграх Қайрат Боранбаевпен бірге Алматыдағы ақылы парктерге иелік етті. Тағы бір ұлы Жомарт Ахметов – Nur Astana Kurylys компаниясы қожайындарының бірі. Бекболат Тілеухан Нартай Аралбайұлының YouTube-арнасында жиендерінің құрылыс компаниялары туралы сұрақтарға берген жауабында, парламентте отырған кезде олардың кәсібін дөңгелетуіне ықпал етпегенін айтқан.

Бекболат Тілеуханның мәжіліс депутаты болған кездегі суреті
Бекболат Тілеуханның мәжіліс депутаты болған кездегі суреті

"Туған апамның балалары айналысатын [компания]. Анау төменнен бастап, қаланың шетінен кішкентай гараж салып, содан бастап бірте-бірте [көтеріліп], өз еңбегімен келе жатқан менің бауырларым. Бір тиын несие алмаған адамдар олар. Ал мемлекет тапсырыс бергенінен, рас айтам, кейбіреулер нанбайтын шығар, хабарым жоқ. Не істеп жатыр? Менен артық біледі. Мен коммерция, бизнес дегенге ыңғайым жоқ адаммын. Менен оларға көмек керек жоқ, олардан маған болмаса... Ал жақыны – жақын, оны не жасыратыны бар, мысық боғын жасырды деген сияқты. Туған әпкемнің балалары. Тілектеспін. Еңбектерімен күнін көріп жүрген, таңертеңнен кешке шейін. Олардың жұмыс істеуі таңғалдырады. Тәнті боламын, риза боламын", – деді Бекболат Тілеухан.

Астана қалалық мәслихаты депутаты Есенжол Бекішев
Астана қалалық мәслихаты депутаты Есенжол Бекішев

Ал базарда баласының үлесі бар Астана мәслихатының депутаты Есенжол Бекішев 1991 жылдан бері жеке кәсіппен айналысады. Ашық дереккөздерде Ішкі істер министрлігінің ведомстводан тыс күзет қызметінде істегені де жазылған. Ол балаларының кәсібі жөнінде сұхбат бермеген.

Қазақстанда Қаңтар оқиғасымен басталған 2022 жылы көптеген сауда орыны "заңсыздықтарға байланысты" мемлекетке қайтарылды. Қожайындарының көбі биліктегі ықпалды адамдарға жақын болып шықты. Мысалы, бұрынғы президенттің туған бауыры, марқұм Болат Назарбаевтың көптеген мүлкі мемлекетке тапсырылған, бұрынғы иелеріне берілгендері де бар.

Қазақстанда биліктегі адамдардың отбасы мүшелері тасы өрге домалаған табысты кәсіппен айналысатын жағдай аз емес. Өздері туыстарына қандай да бір көмегі тигенін жоққа шығарады. Ресми Астана елде кейінгі жылдары сыбайлас жемқорлықпен күреске басымдық берілгенін, жеке меншікке заңсыз өткен мүліктер қайтарылып жатқанын айтады. Тәуелсіз сарапшылар бұл бастаманың күмәнді тұсы көп, ашықтық жетіспейді деп сын айтып жүр. Норвегияда орналасқан Кристиан Микельсен институтының жанындағы әлемдегі коррупция жөнінде зерттеу жүргізетін U4 ғылыми-зерттеу орталығы Қазақстанда саясат пен бизнес арасындағы байланыс күрделі және ол саяси жүйе айналасындағылардың мемлекет қаржысын иелену, мүліктерді жекешелендіруі үшін қолданылады деп топшылайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG