Дзюдошы Абужақынова әлем чемпионатында күміс алды

Қазақ Абиба Әбужақынова мен италиялық Ассунта Скутто әлем чемпионатының финалында күресіп жатыр. Будапешт. 13 маусым 2025 жыл.

Будапеште дзюдодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Абиба Әбужақынова 48 келіде күміс медаль алды. Ол финалда италиялық Ассунта Скуттодан жеңілді.

27 жастағы Әбужақынова – әлем чемпионатының финалына шыққан алғашқы қазақстандық әйел дзюдошы. Ол 2022, 2024 жылдары әлем біріншілігінде қола жүлде иеленген еді.

Қазақ дзюдошы алғашқы айналымда ресейлік Марина Воробеваны, бельгиялық Луи Петиді жеңген. Ал ширек финалда жапониялық Вакана Когадан басым түсті. Белдесу кезінде Кога екі юко әдісімен ұпай алып, 2:0 есебімен алда келе жатқан. Бұған қоса, екі дзюдошыда да екі ескертуден (шидо) болған. Үшінші шидо алған спортшы бірден жеңіліске ұшырайды. Белдесу аяқталғанға дейін жапон балуаны тағы бір ескерту алып, жеңіс Әбужақыноваға берілді.

Қазақ дзюдолшысы жартылай финалда испаниялық Лаура Мартинесті жеңді. Екі балуан белдесу кезінде екі ескерту алған. Кейін төреші Мартинеске тағы бір ескерту беріп, Әбужақынова финалға шықты.

Дзюдодан бұған дейін Максим Раков (2009 жыл) пен Елдос Сметов әлем чемпионатында алтын алған еді (2015 жыл). 2024 жылы Париж олимпиадасында Сметов чемпион атанған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Қазақ жігіттеріне жігер сыйладым деп ойлаймын". Сметов Париждегі алтын жүлдесі хақында