Ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің қысым жөнінде шағымына реакция білдірді

Аида Балаева

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистердің қысым жөнінде шағымына реакция білдірді

Министр ақпарат құралдарына жасалған қысымды айыптап, “бұл жекелеген журналистер ғана емес, мемлекетке жасалған қоқан-лоқы” деді. Оның сөзінен Orda басылымы үзінді келтіреді.

“Бұл жекелеген тәуелсіз журналистерді қорқыту немесе атына кір келтіру мақсатында ғана жасалып жатқан жоқ – тұтас мемлекет пен мемлекеттік органдарға нұқсан келтіру үшін жасалып отыр. Яғни, іс жүзінде бұл біздің жауымыз десек болады. Олармен күресу керек” деді министр.

Ол мұндай оқиғаларды құқық қорғау органдары тексеріп жатқанын айтты.

Бұған дейін бірқатар басылым иелері атап айтқанда, Ulysmedia.kz, Orda.kz, “Обожаю” арналарының авторлары Самал Ибраева, Гүлнар Бажкенова мен Асхат Ниязов ақпараттық шабуыл мен қысым, қоқан-лоқыға шағымданған еді.

Бір күн бұрын Orda басылымы редакцияға жарты жылдан бері түрлі сипаттағы қоқан-лоқы жасалып жатқанын мәлімдеп, басылымның желідегі парақшалары да жиі бұғатталатынын айтқан.

Қызметкерлеріміздің мекенжайына өздерін полицей ретінде таныстырған адамдар барады, көршілерінен сұрайды, фотороботтарды көрсетіп, журналист “іздеуде жүр” деп айтады. Қызметкерлердің жеке деректері мен телефон нөмірлері интимдік қызмет көрсететін шетелдік сервистерге және ит-мысық сататын және арзанға техника сататын хабарландыруларға орналастырылып жатыр. Әлеуметтік желілерде журналистеріміздің суреттері мен деректері бар фейк аккаунттар ашылып жатыр. Олардың атынан жалған ақпараттар, атап айтқанда бас редактордың қайтыс болғаны жайлы ақпарат жарияланады деп жазылған редакция хабарламасында.

Айтуларынша, бас редактордан “Орданың” кеңсесін “тәуелсіз БАҚ орналасқан бірыңғай орталыққа” көшіруді де талап еткен. Бірақ редакция одан бас тартқан. Онда нақты кім талап еткені айтылмайды.

Басылым өкілдері “Орданы” тартып алу талпынысы да байқалғанын атап өтті. Олар жақын арада полицияға шағымданатынын айтқан.

Бұған дейін Ulysmedia бас редакторы Самал Ибраева да өзіне қарсы ақпараттық шабуылға шағымданған еді. Ал "Обожаю" арнасының иесі Асхат Ниязовтың қысым туралы мәлімдемесі де бұған дейін әлеуметтік желілерде жарияланған.

Қазақстанда журналистер мен редакциялар қысым мен қоқан-лоқыға жиі шағымданады. Елде журналистердің кәсіби міндетін атқаруға жиі кедергі жасалады. Баспасөз қорғау ұйымдары журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасалғаны туралы шағымдары көп жағдайда тексерілмей қалады дейді.

Наурыздың ортасында бірқатар тәуелсіз журналист телефон шабуылға шағымданып, баспасөзге жаңа қысым түрі пайда болғаны да айтылған еді. "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы мәлімдеме таратқан.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанда баспасөз еркіндігі шектелген деп санайды. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы әзірлейтін баспасөз индексі рейтингінде Қазақстан 180 елдің ішінде 142-орында тұр. Ал Freedom House ұйымының биылғы "Интернет еркіндігі" есебінде "еркін емес" елдер қатарында қалды.