Қазақстанда паранжа мен ниқабқа тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда паранжа, ниқаб пен бет-жүзді көрсетпейтін өзге де киім түрлеріне тыйым салу ұсынылып жатыр. Тиісті түзетуді қазір сенатта қаралып жатқан "Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы" заңға енгізу ұсынылды деп жазды Tengrinews.kz сайты.

Мұндай киім түрлері тек заң талаптарын орындау үшін немесе медициналық, азаматтық қорғаныс мақсатында, белгілі бір ауа райы және қандай да бір спорт-мәдени шаралар кезінде қолданылуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыздағы ұлттық құрылтай кезінде бетті жабатын киім түрлерінің орнына ұлттық даралықты паш ететін киім киюді қолдаған.

"Бет-жүзді тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе, әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім бұл – біздің бірегей ұлттық болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек" деген еді сол кезде Тоқаев.

Конституцияға сәйкес, Қазақстан демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Ата заң сонымен бірге азаматтардың ар-ұждан еркіндігіне кепілдік береді.

2025 жылы қаңтарда Қырғызстанда қоғамдық орындарда ниқаб тағуға тыйым салатын заң қабылданған. Бірнеше айдан кейін қалаларда заңның орындалуын қадағалауды көздеген рейдтер өтті. 1 ақпаннан бастап елде бет-жүзді жасыратын киім түрлерін кигендерге 230 доллар айыппұл салынатын болды.

Өзбекстанда ниқабқа тыйым 2023 жылы енгізілген. Онда заңды бұзғандар 250-380 доллар аралығында айыппұл төлейді. Тәжікстанда да "ұлттық құндылықтарға қайшы келетін" ниқабқа тыйым салынған.