Ресей экономикалық даму министрлігі "Росатом" мемлекеттік корпорациясы Өзбекстанда қуаты жоғары АЭС салатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде ведомствоға сүйенген "Интерфакс" жазды.
"Былтыр қуаты төмен атом станциясының құрылысы басталған, ал биыл елдердің басшылары жобаны қайта пішіндеп, қуаты жоғары екі блоктық және қуаты төмен екі блоктық электр станциясын салу туралы келісімге келді" деп жазылған министрлік хабарламасында.
Қуаты төмен атом электр станциясын салу туралы келісімге Өзбекстанда 2024 жылы мамырда Ресей президенті Владимир Путиннің Өзбекстанға сапары кезінде қол қойылған. Құжатқа сәйкес, қуаты 330 МВТ (әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын алты реактор) болатын станция Жизақ облысында салынбақ.
"Росатом" Өзбекстанға мұзжарғыш кемелер мен жүзетін атом электр станцияларына арналған РИТМ-200Н су-сулы реакторын орнатпақшы. Мұндай реактор түрі құрлықта әлі пайдаланылмаған. РИТМ-200Н реакторы бар алғашқы станция Ресейдің өзінде Якутияда салынған, оның алғашқы блогы 2027 жылы пайдалануға беріледі деп айтылады.
Биыл наурызда Alter Ego жобасының жүргізушісінің "Өзбекстан РИТМ-200Н реакторын сынайтын полигонға айналмай ма?" деген сұраққа жауап берген Өзбекстан атом энергиясы жөніндегі агенттіктің директоры Әзім Ахмедқожаев "бұл жаңа технология емес" деген.
2025 жылы сәуірдің соңында "Росатом" жетекшісі Алексей Лихачев Өзбекстандағы қуаты төмен шағын атом станциясының "іргетасы" бір жылдан кейін немесе одан ертерек қаланатынын мәлімдеген.