БҚО-дағы бес баланың қазасы: министрлік өрттің неден шыққанын айтты

Төтенше жағдай министрлігі БҚО-да бес баланың өмірін қиған өрттің ықтимал себептерін айтты. Қайғылы оқиға 4 маусымда Батыс Қазақстан облысы Жымпиты ауылында болған.

"Әкесі жұмыста болған, жұбайы оларды жауып, дүкенге кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша, балалар бұзықтық жасап, ойнаған. Сараптама жақын арада бітеді, жұмыс жалғасып жатыр" деді вице-министр Кеген Тұрсынбаев сенат кулуарында.

Оның сөзінше, былтыр қыркүйекте отбасы өздері тұрып жатқан үйге газ есептегішін орнатқан, алайда шамамен бір ай бұрын басқа үйге көшкен.

4 маусымда Жымпиты ауылындағы тұрғын үйде өрт болған. Оқиға орнына шақыру түскен сәттен бес минут өткенде жеткен құтқарушылар өртенген үйден балаларды алып шыққан. Бірақ олар мерт болған. Балалардың үлкені - 6 жаста, ең кішісі - 8 айлық нәресте.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев отбасын баспанамен қамтамасыз ететінін және тиісті көмек беретінін айтты.

БАҚ-тың мәліметінше, отбасы үйді жалға алып тұрған. Өрт кезінде ата-аналары үйде болмаған. 35 жастағы үйдің әкесі коммуналды кәсіпорында шаруашылық меңгерушісі, ал анасы жергілікті дүкенде істеген.

Отбасы ай сайын көп балалы отбасы ретінде жәрдемақы (134 мың теңге) алған.

Қазақстанда өрттен қаза болған балалар жайлы ақпарат жиі шығады. Биыл қаңтарда Қарағандыда өрт орнынан екі баланың денесі табылған. Былтыр күзде Астанадағы жеке үйлердің бірінде өрт шығып, 13, 9, 3, 2 жастағы төрт бала көз жұмған. Оның алдында Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке үйде өрт болып, бес бала өлі табылған.

Былтыр жыл соңында Қазақстанда 12 жасқа дейінгі балаларды үйде қараусыз қалдыруға тыйым салуды ұсынған.