Үндістанның батысында жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 200-ден астам адам болған

Air India әуе компаниясының жолаушылар ұшағы Үндістанның батысындағы Ахмедабад әуежайына жақын аумақта апатқа ұшырады.

Ұшақ бортында 242 адам болған. Алдын-ала мәлімет бойынша, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің бәрі қаза болған. Жергілікті полицияның айтуынша, ұшақ құлаған тұрғын үй аумағында да қаза болғандар бар.

Ұшақ Ұлыбританияға ұшып шыққан.

"Ахмедабад — Лондон Гатвик бағыты бойынша ұшқан AI171 рейсі бүгін, 12 маусымда апатқа ұшырады. Қазір жай-жапсарын анықтап, http://airindia.com сайтында және X парақшамызда қосымша ақпарат береміз" деп жазылған Air India әуе компаниясының алғашқы мәлімдемесінде.

Қаза болғандар мен зардап шеккендер жөнінде мәлімет жоқ.

"Ахмедабадтан Лондонға бет алған Air India №AI171 рейсінің апаты туралы ақпараттарды қадағалап отырмыз. Ұшақтан соңғы сигнал UTC 08:08:51-де, ұшып шыққаннан кейін бірнеше секундтан кейін келді. Мәселе VT-ANB тіркеуі бар Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы жөнінде болып отыр" деп жазылған Flightradar24 хабарламасында.

Dreamliner - Boeing компаниясы шығарған соңғы үлгідегі ұшақтардың бірі.

India TV хабарлауынша, ұшақ құлаған орыннан қалың қара түтін көтерілген. Ұшақ Ахмедабадтан Лондонға ұшқан. Ұшақ экипажы әуеге көтерілгеннен кейін бірден апат туралы сигнал берген деп айтылады. Бортта 230 жолаушы мен экипаждың 12 мүшесі болған: Үндістанның - 169, Ұлыбританияның - 53, Португалияның - 7, Канаданың бір азаматы болған.

Ұшақ капитанының 8 мыңнан астам сағат ұшу тәжірибесі болған. Екінші ұшақ мыңнан астам сағат ұшқан. Жолаушылардың арасында Гуджарат штатының бұрынғы губернаторы Виджай Рупани болған.

Апат орнынан түсірілген кадрларға қарағанда ұшақ тұрғын үйлер орналасқан аумаққа құлаған.